Семейдегі музыкалық училищеде Хамит Сыдықұлы атындағы кабинет ашылды
Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледждің қабырғасында ерекше тарихи әрі тәрбиелік мәні зор оқиға орын алды. Өнер мен білімнің тоғысқан ордасында еліміздің мәдениет саласына орасан зор еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, білікті басшы Хамит Сыдықұлының есімімен аталған кабинет ашылды.
Хамит Сыдықұлы 1935 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Саржал ауылында дүниеге келген. Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмамдаса да, бала кезінен музыкаға ерекше құштар болып, бірнеше музыкалық аспапты еркін меңгерген. Бұл қызығушылық оны өнер мен білімді тоғыстырған ірі ұйымдастырушы, қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан тұлға дәрежесіне жеткізді.
1972 жылы ол Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің директоры қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды алты жыл атқарды. Сол кезеңде оқу орнының материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарып, көптеген жаңа мамандықтар мен бөлімдер ашылды. Әсіресе, ұлттық музыкалық аспаптарды насихаттау бағытында сүбелі істер атқарылды. Бұрын тек домбыра класы ғана бар бөлім кеңейіп, домбыра-прима, домбыра-бас, шертер, қобыз, қылқобыз сияқты сирек аспаптарға арнайы сыныптар ашылды.
Осы училищеміздің материалдық-техникалық базасына көңіл бөліп және де училищемізде көптеген жаңа мамандықтар ашты. Оның ішінде, әсіресе, айта кететінім, халық аспаптары бөліміне көбірек көңіл бөліп, бұрын тек домбыра классы болса, домбыра-бас, домбыра-прима, шертер класстарын, қобыз, қылқобыз класстарын ашуға ерекше күшін салды. Қазіргі Құрманғазы атындағы консерваториядан мамандардың барлығын елімізге тартып, барлық мамандарға ерекше көңіл бөліп, оларды жұмыспен, үймен қамтамасыз етіп қызмет істеген ағамыз,-дейді М. Төлебаев атындағы музыкалық училищенің Сайлауғазы Ахметов.

Хамит Сыдықұлының жетекшілігімен оқу орны тек өңірлік емес, республикалық деңгейдегі мәртебелі білім ордасына айналды. Оның табандылығы мен көрегендігінің арқасында көптеген дарынды жас мамандар Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядан Семейге шақырылып, баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтылды. Сол жылдары оқу ордасының ұстаздар құрамына Қадыр Досымжанов, Рақымғали Мыржықбаев, Мәулет Рахымбаев, Аймұхамет Бейсембеков секілді кәсіби музыканттар қосылып, училищенің тынысына тың серпін берді.
Ол кезеңде музыкалық училищеге тек арнайы музыка мектебін бітіргендер ғана қабылданатын. Ауыл балалары үшін бұл үлкен кедергі еді. Осы мәселеге де бей-жай қарамаған Хамит Сыдықұлы министрлікке арнайы хат жазып, училище жанынан екі жылдық дайындық курсын ашуға қол жеткізеді. Бұл қадам – қазақ ауыл балаларына үлкен мүмкіндік беріп, бүгінде еліміздің опера және симфониялық оркестрлерінде қызмет етіп жүрген көптеген кәсіби музыканттардың жолын ашты.

Хамит Сыдықұлының адамгершілігі мен адалдығы да ел есінде. Қарамағындағы мұғалімдерді көтермелеп, келген марапаттарды өзіне емес, ұжым мүшелеріне беріп отырған. Бұл – оның жеке тұлғалық биіктігін, қарапайымдылығы мен шынайы ұстаздық болмысын дәлелдейтін қасиет. Ол туралы кабинеттің ашылуында достары да құрметпен еске алды.
Хамиттың адалдығы, қол астындағы мұғалімдерін көтермелеп, үкіметтің наградасы келе қалса сол мұғалімдерге береді, өзінде ешқандай награда жоқ. Содан мен ойлаймын, бүгінгі мына класс – бұл соның үлкен бір наградасы. Хамитке берілген үлкен награда,-деді Ғабиден Мұсаинұлы.
Сондай-ақ, Хамит Сыдықұлы Семейде алғаш рет қылқобыз класын ашуға себепкер болды. Сол сияқты, 1975 жылы скрипкашылар ансамблінің құрылуына ұйытқы болып, ұжымның халықаралық дәрежеге көтерілуіне жағдай жасады. Училище оқытушыларынан құралған ансамбль 1973 жылы Чехословакияда, 1975 жылы Францияда қазақ өнерін паш етті. Ал 1978 жылы өткен республикалық конкурста училище оркестрі 1-орын иеленіп, елге үлкен мақтаныш сыйлады.

Семей музыкалық училищесі қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі М.Төлебаевтың атында еді. Хамит Сыдықұлы музыка училишесінің алдына Мұқан Төлебаевтың ескерткішін қою мәселесін ойға алады. Ақиқатында, ол уақытта мұндай ескерткіш республика көлемінде басқа оқу орнында болмаған. Ескерткіш қою үшін министрліктен рұқсат алу керек болатын. Хамит Сыдықұлы жауапкершіліктің барлығын өз мойнына алып, Москвадағы ескерткіш жасайтын арнайы мекемеге хат жолдайды. Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Ілияс, Шоқанның мүсіндерін жасаған Москвалық мүсінші Маргарита Марковна Ващенкомен танысып, байланыс жасайды. Оған өзінің столында тұрған М.Төлебаевтың қоладан құйылған мүсінін, альбом-суреттерін, хатын жіберіп, мақсаты - училищенің алдына композитордың ескерткішін орнату екеніндігін хабарлайды. Осындай дамылсыз еңбектің нәтижесінде Мұқан Төлебаевтың рухы асқақтап, өнері ардақталып, училище алдына ескерткіші орнатылады.
Ұлт руханиятына, жас ұрпақтың өнерге келуіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы ұстаздың шәкірттерінің бірі – бүгінде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева. Ол кезде мектеп оқушысы болған Розаны Хамит Сыдықұлы жеке өзі шақырып, өнер жолына бағыт берген. Бұл – нағыз талантты танып, қанат қақтырған дана басшының көрегендігі.

Музыкалық колледж қабырғасында Хамит Сыдықұлы атындағы кабинеттің ашылуы – оның жарқын істеріне, адамдық болмысына көрсетілген құрмет. Кабинет болашақ мамандарға ұлағатты өнеге, рухани бағдар беретін орын болмақ.
Мұндай азаматтар туралы: «Атағы емес, абыройы биік жан» деген лайықты баға беріледі. Хамит Сыдықұлының ел есінде қалдырған ізі – қазақ өнері мен білімінің тарихында алтын әріппен жазылады.