Облыс әкімі Степной кентіндегі сенбілікке қатысты
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының Степной кентінде өткен сенбілікке қатысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аймақ басшысы тұрғындармен, мұғалімдермен, мектеп оқушыларымен бірге мектеп ауласына шырша көшеттерін отырғызып, тазалық жұмыстарына атсалысты.

«Семейді жасыл желекті қалаға айналдыруымыз керек. Бұл жұмыс шаһардың шеткі ықшам аудандарында да қарқынды түрде жүргізілуі қажет. Облыс орталығының таза әрі көрікті болуы – бәрімізге ортақ міндет», – деді облыс әкімі.

Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс бойынша 105 мыңнан астам тұрғын сенбілікке қатысты. 4 581 ұйым мен 1 974 техника жұмылдырылды. 76 мың аула тазартылып, 955 саябақ пен 306 ескерткіштің аумағы ретке келтірілді. 20 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылды. Өңірде бұған дейін өткен сенбіліктерде 25 849 түп ағаш көшеттері отырғызылды.

#Семей, #Абай облысы, #"Таза Қазақстан" акциясы, #Берік Уәли