ШҚО-дағы су айдындарынан 43,7 тонна тұрмыстық қалдық жиналды
Шығыс Қазақстан облысында табиғат қорғау акциясы аясында су айдындарынан 43,7 тонна тұрмыстық қалдық жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ШҚО ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Зайсан-Ертіс» облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Талғат Рахымжанов мәлім етті.
«Өңірде 1 мамырдан бастап «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізіліп жатыр. Шараның негізгі мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарының жағалауларын тыйым салынған балық аулау құралдарынан, тұрмыстық қалдықтардан тазартып, балықтардың және басқа да су жануарларының қолайлы уылдырық шашуын қамтамасыз ету. Бүгінге дейін акцияға 352 адам қатысып 43,7 тонна тұрмыстық қалдық жиналды», - дейді ол.
Шара барысында 72 автокөлік, 10 түрлі техника, 26 жүзу құралы пайдаланылды. Акцияға инспекция мамандары, табиғат пайдаланушылар, қорықшылар, қоғамдық бірлестік өкілдері, жергілікті атқарушы орган мамандары және тұрғындар тартылған.
Сонымен қатар, браконьерлер су айдындарының түбіне тығып тастаған жалпы ұзындығы 35 мың метрге жететін 350 дана құрма ау шығарылды.
«Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы 31 мамырға дейін жалғасады. Жалпы, осы кезеңде уылдырық шашатын айдындарда моторлы қайықтармен және басқа да жүру құралдарымен жүруге тыйым салынған», - дейді Т. Рахымжанов.