Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экономика 50 қаралымabaidan.kz

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі нарыққа соққы берді: мұнай өнімдері мен алкогольдің ірі көлемдегі заңсыз айналымының жолы кесілді

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі нарыққа соққы берді: мұнай өнімдері мен алкогольдің ірі көлемдегі заңсыз айналымының жолы кесілді

Бүгінде мемлекеттік кірістер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі – салық заңнамасының бұзылуын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес.
Ағымдағы жылдың маусым-шілде айлары аралығында облыстың мемлекеттік кірістер органдары акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қатысты бірқатар ірі фактілердің жолын кесті. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан 40 мың литрден астам мұнай өнімдері, 30 мыңнан астам бөтелке және 1 650 литр алкоголь өнімі, сондай-ақ 270 қорап контрафактілі темекі өнімдері тәркіленді. Бұл туралы Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияровтың айтуынша, ағымдағы жылдың маусым айында Аягөз ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, аудан аумағындағы тау-кен өндіру кәсіпорындарының біріне жоспардан тыс тақырыптық тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуден өтпей жұмыс істеген жанармай құю станциясы арқылы мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы анықталды.
Аталған жанармай құю станциясында кәсіпорынның жеке арнайы техникасына ғана емес, сонымен қатар қосалқы мердігер ұйымдардың техникасына да жанармай құйылғаны анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бейнематериалдармен және жанармай құю парақтарымен расталды.
Тексеру нәтижесінде станция резервуарларынан 40 мың литрден астам мұнай өнімі тәркіленді.
Сот кәсіпорынды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, мұнай өнімдерін тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Бақылау іс-шараларының тағы бір кезеңі 13-17 шілде аралығында Алакөл көлінің жағалауында өткізілді. Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Мақаншы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, сауда объектілеріне жоспардан тыс тақырыптық рейдтік тексерулер жүргізді.
Тексеру барысында алкоголь өнімдерін лицензиясыз және тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарсыз өткізу фактілері, сондай-ақ контрафактілі темекі өнімдерінің айналымы анықталды.
Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан сәйкестендіру құралдары жоқ 30 397 бөтелке, 1 650 литр алкоголь өнімі және 270 қорап контрафактілі темекі өнімі тәркіленді.
Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар, лицензиясыз және елеулі мөлшерде алкоголь өнімдерін заңсыз айналымға шығарған бір жеке кәсіпкерге қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
Ведомство басшысы мұндай заң бұзушылықтар мемлекеттік бюджетке залал келтіріп, адал бәсекелестікке нұқсан келтіретінін және тұтынушылардың қауіпсіздігіне ықтимал қауіп төндіретінін атап өтті.
Айта кету керек, Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жыл басынан бергі жұмысының нәтижелері бақылау іс-шараларының тиімділігі айтарлықтай артқанын көрсетеді.
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша алкоголь өнімдеріне қатысты 64 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 38 106 литр заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді. Анықталған фактілердің өсу қарқыны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 164%-ды құрады. 15 тексеру барысында 304 428 қорап контрафактілі темекі өнімдері тәркіленді. Анықтау көрсеткіші өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 10 еседен астам өсіп, 1041%-ды құрады.
Сонымен қатар, жалпы көлемі 44,871 тонна мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 2 факт анықталды. Өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 3,7%-ды құрады.
Департамент басшысы Руслан Данияров акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымының экономикалық салдарына ғана емес, белгіленген қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкес келмейтін заңсыз өнімдердің халықтың өмірі мен денсаулығына төндіретін қаупіне де ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Заңдылықты қамтамасыз ету және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында облыс аумағында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналым фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда және Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тұрақты бақылауында.