Туған өлкеге инвестиция салу — абыройлы іс
Семей қаласында Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды іс-шара – «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өтті. Ел мен жерге адал қызмет етуді мұрат еткен азаматтардың басын қосқан бұл форум өңірдің болашағына бейжай қарамайтын кәсіпкерлер мен инвесторлардың басын қосты. Ауқымды басқосуға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, шетелдік және отандық инвесторлар, ірі кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері және 500-ге жуық кәсіпкер қатысты. Форум барысында аймақтың инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылып, бірқатар нақты жобалар талқыланды.

Абай облысының географиялық орналасуы – өңірдің басты артықшылықтарының бірі. Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен шекаралас орналасқан бұл аймақ болашақта халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналу мүмкіндігіне ие. Форум аясында осы бағытта жүзеге асырылатын жобалар мен даму жоспарлары ұсынылып, инвесторлар тарапынан қызығушылық тудырды.

Облыс әкімі Берік Уәли өз сөзінде өңірдің дамуына бағытталған кешенді жоспарлармен таныстырып, соңғы уақытта 50-ден астам шетелдік инвестормен келіссөздер жүргізілгенін атап өтті.
– Бүгінгі кездесу туған жердің болашағын жарқын етуге бағытталған ортақ қадамымыздың бастамасы болады деп сенемін. «Туған жерге туыңды тік» – қасиетті халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы ұстанымы. Осы қасиетті өлкенің өркендеуі жолында көп болып жұмыла білсек, кез келген мәселенің түйінін тарқатуға болары анық. Бірігіп еңбек етсек, біз Абай облысын еліміздің дамыған аймақтарының біріне айналдыра аламыз, – деді облыс әкімі Берік Уәли.

Форумға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов та туған жерге тағзым ету – әр азаматтың парызы екенін айтты.
– Кіндік қанымыз тамған мекеніміз, туған жеріміз – бәрімізге қымбат. Мақсатымыз – осындай игі бастаманы қолдап, туған өлкемізді көркейту, халықтың жағдайын жақсарту, елге адал қызмет ету. Өзім кәсіпкерлікпен айналысқан жылдары, 2003 жылы туған ауылым – Шыңғожа ауылындағы қирап қалған мәдениет үйінің орнына жаңа мәдениет үйін салып бердім. Бүгінде сол нысан халыққа қызмет етіп келеді, – деді депутат.

«Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы – Абай өлкесін дамытуға үлес қосамын деген кәсіпкерлерді біріктірген маңызды бастама. Семей – киелі, қасиетті жер. Мұнда халқымыздың ұлы тұлғалары өсіп-өнді. Осындай өлкенің өркендеуі – баршамыздың ортақ міндетіміз.Форум көрсеткендей, әрбір азамат туған жерін дамытуға дайын. Бұл – туған елге деген сүйіспеншілік пен перзенттік борыштың айғағы.«Туған жерге туыңды тік» – бабалар өсиеті, бүгінгі ұрпақтың ұранына айналуы тиіс. Осындай басқосулар арқылы Абай облысы жаңа серпін алып, жарқын болашаққа қадам басатынына сенемін,-деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев.
Форумда сөз алған кәсіпкер Ерлан Мұқашев та туған өлкеге инвестиция салуды азаматтық борыш деп есептейтінін жеткізді.
«Туған жерге туыңды тік» дегеніміз – жай ғана ұран емес, ол нақты іске айналуы қажет. Мен үшін туған өлкеге салған әрбір инвестиция – елге деген құрметтің белгісі, – деді ол.

Бүгін осы алаңда туған жерге тағзым етіп, ұлтқа қызмет ету жайлы жүрекжарды ойларымызбен бөлісіп жатқанымыз – үлкен мәртебе. Туған жерге деген перзенттік парызымды өтеу – мен үшін үлкен абырой. Осы орайда сіздерді, барша жерлестерімді және елге жанашыр азаматтарды алдағы уақытта Таскескен ауылында өтетін елді біріктіретін, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ұлттық рухты көтеретін ерекше шараға шақырғым келеді. Сол күні бәріміз туған жердің төсінде бас қосып, өткенімізді еске алып, келешекке сеніммен қарауға мүмкіндік аламыз.,-деді «Q4 Тұлпар» компаниясының басшысы Талғат Сақан.

Форум қорытындысында 15-тен астам ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар сынды түрлі салаларды қамтиды. Сонымен қатар, «Абайға құрмет» жобасы аясында өңірде жаңа нысандар бой көтереді. Ал Италияда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылады.


«Туған жерге туыңды тік» форумы аясында облыстың өндірістік және ауыл шаруашылық әлеуетін танытатын ауқымды көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Жиынға келген құрметті қонақтар облыс әкімінің жетекшілігімен көрмені тамашалады.

Бұл форум Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп қана қоймай, елге қызмет етемін деген азаматтардың нақты әрекетке көшкенін көрсетті. «Туған жерге туыңды тік» идеясы тек ұран ғана емес, шынайы бастамаға айналып келеді. Алдағы уақытта бұл үрдіс өңірдің өркендеуіне жол ашары сөзсіз.
#Абай облысы, #кәсіпкерлік, #форум, #инвестиция, #Берік Уәли