Абай облысында БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті
Абай облысында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңір журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Біз Сіздерді өткір ой мен өрелі пікірдің жаршысы, ақиқат пен әділдіктің сенімді қорғаны ретінде ерекше құрметтейміз. Бағалаймыз. Өздеріңізді ақпарат тарату құралы ретінде ғана емес, қоғамдық пікірдің қайнар көзі, жалпы жұртшылықтың жанашыры, билікке бұқараның жанайқайын жеткізуші деп білемін. Облыс әкімдігі сіздермен сындарлы әрі тұрақты диалог орнатуға әрдайым дайын. Оның себебін де өздеріңіздер жақсы білесіздер, мен де қаламына адал журналистер қауымының арасынан шықтым. Сондықтан сіздерді үнемі өзіме жақын көремін. Бүгінгідей мерейлі күні қоғам санасына сәуле түсіріп, көкейдегі күрделі сауалға жауап іздеген мамандық иелеріне құрмет көрсетілуі заңдылық деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру» деп ерекше атап өткен болатын. Бұл – ақпарат майданында еңбек етіп жүрген барша журналистерге берілген жоғары баға. Осы орайда қалам иелері қоғамның тамыр соғысын дөп басып, қоғамдық сана мен пікір қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді. Өздеріңізге жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер ретіндегі рөлін айрықша атап өтті. Биыл өңірлік ақпарат саласындағы бірқатар басылымдар – «Аягөз жаңалықтары» газетінің 95 жылдығы, «Абай елі» газетінің 90 жылдығы, «SEMEI» телеарнасының 60 жылдығы секілді мерейлі белестерге қадам басып отыр.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 24 маусымдағы Жарлығына сәйкес еліміздің журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Асанқызы Молдашева мен «SEMEI» телеарнасының шеф-редакторы Сайра Қажыоспанқызы Нүсіпбаева «Құрмет» орденімен наградталды. «Abay Media Group» ЖШС директоры Мирас Миратұлы Малғаждаров «Шапағат» медалімен марапатталды. Айта кетейік, өңірге белгілі тілші Вера Кропачева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған болатын.

Бұдан бөлек ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі Ризвангүл Иминжанқызы Мұхамедоваға, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі Айман Серғазықызы Шәріпхановаға («Вести Семей» газеті), Кәусар Арықханқызына («Қалба тынысы» газеті), Сая Ғылымбекқызы Семейхановаға («SEMEI» телеарнасы) табысталды.

Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің жүлдесі «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» байқауының жеңімпаздары «Әділетті Қазақстан», «Еңбек адамы», «Мерейлі отбасы», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Таза Қазақстан», «Ауыл – ел бесігі», «Білімді ұлт», «Дені сау ұлт», «Объективтегі өмір», «Киелі Абай елі» сынды 10 номинация бойынша марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімінің арнайы сыйлығы және Алғыс хаты БАҚ ұжымдарына, журналистерге табысталды.
#мереке, #БАҚ, #журналистика, #Абай облысының әкімі, #Берік Уәли