Абай облысында құрылысқа бақылау күшейіп 3 мыңнан астам өтініш қаралды

Абай облысында құрылысқа бақылау күшейіп 3 мыңнан астам өтініш қаралды

Абай облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын шығарды. Өңірде құрылыс қарқыны артып, өтініштер мен тексерулер саны көбейген, сондай-ақ құрылыс сапасы мен заңдылығына бақылау күшейтілген.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде басқарма басшысы Сайлауғалы Байназаров мәлімдеді. Өткен жылдың жаз айында ұсынылған соңғы есептен бері облыс орталығында, қалалар мен аудандарда мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке сектор есебінен ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл өз кезегінде құрылысқа бақылау көлемінің артуына әсер етті. Басқарма қызметі қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңдар, Кәсіпкерлік кодекс және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізге алынған. Негізгі міндет – құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен сапасын қамтамасыз ету.

2025 жылы басқармаға азаматтардан, ұйымдардан және мемлекеттік органдардан 3 249 өтініш пен тапсырма келіп түскен. Олардың барлығы толық орындалған.

– Есепті кезеңде құрылыс қызметіне 15 лицензия, жобалау жұмыстарына 2 лицензия және инженерлік ізденістерге 1 лицензия берілді. Сонымен қатар, 50 маман техникалық қадағалау аттестатын алды. Камералдық бақылау аясында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Барлығы 1017 құрылыс бастау туралы хабарлама келіп түсіп, оның 799-ы келісілді, ал 218-і бойынша бас тартылды. Осылайша, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторда жүздеген нысанның құрылысы ресми түрде басталды, – деді басқарма басшысы.

Хабарламалар келісілгеннен кейін басқарма құрылыс жұмыстарының сапасына мониторинг жүргізеді. 2025 жылы 142 мемлекеттік нысан тексеріліп, 223 заң бұзушылық анықталған. Қазіргі уақытта олардың басым бөлігі жойылған. Сонымен қатар, есепті кезеңде азаматтардың өтініштері мен прокуратура талаптары негізінде 40 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 22,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 19,4 млн теңгесі өндірілді. Қалған сома сот тәртібімен өндірілуде.

– Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының құзыреті құрылыс салушы немесе тапсырыс беруші хабарлама талонын алған сәттен бастап туындайды. Егер қала немесе аудан әкімдігі сәулет-жоспарлау тапсырмасын беріп, эскиздік жоба бекітіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған болса, талаптар бұзылған жағдайда біздің ведомство жұмысқа кіріседі. Біз мұндай жағдайларды бақылауда ұстап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Олар заң бұзушылық деңгейіне қарай айыппұл салудан бастап, нысанды мәжбүрлі түрде бұзуға дейін жетуі мүмкін. Өткен жылы проблемалық деп танылған 17 нысанның 5-еуі пайдалануға берілді. Тағы 5 нысан бойынша 110 үлескердің қатысуымен құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданды, – деп атап өтті Сайлаугалы Байназаров.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп 191 құрылыс нысанында тексеру жүргізілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар уәкілетті органдар тарапынан қабылдануда. Басқармада құрылыс саласындағы бақылауды күшейту жұмыстары 2026 жылы да жалғасатыны атап өтілді. Негізгі назар – құрылыс сапасы, қауіпсіздігі және заң талаптарының сақталуына аударылады.


#Абай облысы, #құрылыс