Саясат Нұрбек баршаны студенттер күнімен құттықтады

Саясат Нұрбек баршаны студенттер күнімен құттықтады

Ғылым және жоғары білім министрі студенттер жоғары оқу орнында алған білімін "Әділетті Қазақстанның" дамуына жұмсап, бар қажыр-қайратын ел мүддесіне арнайды деген сенім білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Баршаңызды бүгін келіп жеткен Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Студенттік шақ – өмірдің ең қызық та шуақты жарқын сәттерінің бірі, бірегейі. Латын тілінен аударғанда "ізденуші" деген мағынаны беретін студент сөзі, шынтуайтында дәл осы кезеңде жас достарымыз тағылымды тәрбиесін ұштап, білім нәрімен сусындап, ғылым айдынында өмір сүреді. Жаңа орта қалыптастырып, құндылықтарды өн бойына сіңіріп, ұлтқа қызмет етудің жаңа үлгісін үйренеді. Міне, мұндай өмірлік сабақтарды сіздер көкейлеріңізге түйіп, "ұстаз" деген ұлағатты тұлғалардың дәрісін тыңдап, жаңа армандарға қол созасыздар".Саясат Нұрбек

Министр Шәкәрім Құдайбердіұлының "Жастарға" өлеңін мысалға келтірді."Ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы "Жастарға" өлеңінде:

Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,

Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.

Надандықтан еліріп босқа жүрсек,

Мына заман көрсетер бізге тарлық, – деп сіздердей өрендерді білімнің тұғырына шығуға шақырып, үндеу тастаған. Бабалар аманатына адалдық танытып, бәсекеге қабілетті кадр болып қалыптасу бүгінде аса маңызды".

"Сіздер жоғары оқу орындарыңызда алған білімдеріңізді "Әділетті Қазақстанның" дамуына жұмсап, бар қажыр-қайраттарыңызды ел мүддесіне арнайды деген сенім білдіремін" деді Саясат Нұрбек.

Бүгінгі жас студент – кешегі тектілердің жұрнағы, баһадүр бабалардың ізбасарына айналуы үшін әлбетте, білім биігінен көрінуі қажет. "Толық адам" ілімінің формуласын жасаған ұлы Абай атамыз: "Адамға үш алуан түрлі адамнан мінез жұғады. Олар: жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы-құрдастан болады" – деп түйіндеген екен. Сіздер ұлы ақынның нақ осы сөзін ұстаным етіп, ата-анадан алған тәрбиелеріңіз бен профессор-оқытушылардан тыңдаған дәрістеріңіз һәм достарыңызбен студенттік дәуірдің ең қимас шақтарын өткізіп келесіздер.

Бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігі жас достарымыздың сапалы білімге ешқандай кедергісіз қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікке жол ашып отыр. Материалдық-техникалық базасы мықты, заман талабына сай жатақханалар салып, шәкіртақыны арттырып, әлемнің жетекші оқу ордаларымен ынтамақтастық орнатудамыз.

Ұлт ұстазы, алаш зиялысы А.Байтұрсынұлы: "Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын" – дегендей, мұның барлығы, талаптың тұлпарын мініп, қияға өрлеймін деген жас достарымызға мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығы.

Қадірлі студенттер қауымы және менің жас достарым! Осы ретте сіздерді ведомство атынан бүгінгі студенттер күні мерекесімен құттықтай отырып, арман-мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектестігімді білдіремін. Әманда шыңдарды бағындырып, тастарыңыз өрге домаласын. Тәуелсіз Қазақстанымыздың байрағын биік ұстап, зор жетістікке жете беріңіздер. Мереке құтты болсын!


#студент