Семей қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобалардың іске асырылу барысы көшпелі жұмыс кеңесінде талқыланды. Кеңеске Абай облысы әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев, Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы, облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің басшылары және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Көшпелі кеңес барысында Северный кентінен Шығыс кентіне дейін және Мұрат саяжайынан Бобровка кентіне дейін тартылатын су құбыры желісінің құрылысы қаралды.

Жауапты мамандар жобалардың қазіргі орындалу барысы туралы баяндап, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстармен таныстырды. Аталған жобалар тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға және қаланың коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар кеңес барысында Қайым Мұхамедханов көшесі бойындағы кәріз жүйесін жаңғырту жобасы таныстырылды. Жоба аясында тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту, кәріз жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту көзделіп отыр.

Мердігер ұйымдардың өкілдерімен өткен кездесуде құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ барлық жұмыстардың құрылыс нормалары мен техникалық талаптарға сәйкес орындалуы міндеттелді. Жауапты тұлғалар инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызын атап өтіп, жұмыстардың белгіленген кестеге сай әрі сапалы жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.





