Жаңа бағдарлама — жаңа баспана

Жаңа бағдарлама — жаңа баспана

Отбасы банк баспана кезегінде тұрған Семей тұрғындарынан 11 қыркүйектен бастап өтініш қабылдайтын болады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.

Баспана сатып алу - халық үшін қашан да өзекті мәселе. Бұл күнде жеке иелігіне үй ала алмай, алайын десе қаражаты жетпей тығырыққа тіреліп жүрген отбасылар жетіп артылады. Дегенмен, мемлекеттік саясат тұрғысынан алып қарағанда жұрт көкейінде жүрген жай әртүрлі бағдараламалар аясында шешімін тауып келеді. Солардың бірі 2023 – 2029 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы. Оның аясында өңірде әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтар Отбасы банкіне өтініш жолдап, жеңілдетілген шарттармен заем алып, баспаналы бола алады. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалының мамандары мен Семей қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясының мамандары кеңінен түсінік берді. 

Семей қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Нұрланқызының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан Семей қаласы бойынша 13 954 отбасы баспана кезегінде тұр. Оның 1273 I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылары саны 553 болса, жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған балалар – 1798. Сондай-ақ көпбалалы отбасылар саны - 1499. 

«Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалы Бизнесті дамыту бөлімінің маманы Арман Жұмагелдіұлының сөзіне сүйенсек, 2020-2022 жылдары қабылданған «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бұл күнде күшін жойған. Есесіне, 2023 жылғы 15 тамызда бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Оған сәйкес, 10% басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% және 5,2% бастап сәйкесінше) беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады.

Аталған бағдарламаға әкімдік кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Бұл санатқа жатпайтын, алайда баспана кезегінде тұрған өзге адамдардың барлығы жылдық 5% мөлшерлемемен несие алуға өтініш бере алады (ЖТСМ 5,2%-дан бастап).

Өтініштер үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегінен бастап, Отбасы банкінің otbasybank.kz порталында қабылданады. Тұжырымдамаға енген өзгерістерге сай, заем алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-ден (2%-дық мөлшерлеме бойынша несие алу үшін) және 3,7-ден (5%-дық мөлшерлеме бойынша несие үшін) аспауы керек деген талап бар болатын.  Ол тиісінше 125 757 және 150 098 теңгені құрайтын. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы қолжетімді заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайтын.  

        Ал төлем қабілеттілігін растау үшін соңғы 6 айдағы зейнетақы жарналары жарамды. Жеке кәсіпкерлер үшін өткен жылдың декларациясын ұсыну мүмкіндігі бар екен. Егер өтініш беру кезінде кезекте тұрған азамат жұмыссыз болса, онда қосалқы қарыз алушы ретінде жұбайын немесе басқа жұмыс істейтін тұлғаларды тартуына болады. Ал егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушылар ретінде тек жақын туыстарын ғана емес, туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тартуына болады. Қосалқы қарыз алушыға қойылатын талап – несие тарихының жақсы болуы және тұрақты айлық кірісі.

«Қазір үй алушының табыс мөлшерлемесі туралы анықтама талап етілмейді. Қатысушыларды іріктеу кезекке тұру күні негізінде жүргізіледі. Кезекте тұрғандардың екі санатына басымдық беріледі: мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар», -дейді Арман Әбішев.

Осылайша облыс бойынша баспана тауқыметін тартып жүрген отбасыларға 70 пәтердің кілті табыс етілмек. Әлеуметтік тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 200 000 теңгеден аспайтын болады. Пәтерлер Абай арена және Назарбаев зияткерлік мектебі орналасқан Қарағайлы ауданынан және соған жақын орналасқан тұрғын үйлерден берілмек.

Жалпы соңғы төрт жылда Семейде «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша Отбасы банкінің қолдауымен 470 отбасы қоныс тойын тойлаған болатын.


#Семей, #Абай облысы, #Отбасы банкі