Абай елінде айтыстың дүбірі: «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» командалық сөз сайысы өтеді
Алаштың ақ сүйек өнері – айтыс тұңғыштар мекені, қасиетті Абай елінде қайта жаңғырады. Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, «Amanat» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы командалық айтыс өтеді.
Дәстүрлі сөз өнерін дәріптейтін бұл дүбірлі додада елімізге танымал, арқалы ақындар – Әсем Ережеқызы, Нұржан Өмірбаев, Айбек Жеңісқазин, Қуандық Кенжебекұлы өнер көрсетіп, көрерменге рухани серпіліс сыйлайды.
Сонымен қатар ұлттық өнердің ән-күй, жыр-терме жанрлары бойынша Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Клара Төленбаева, Қайрат Қабышев, сондай-ақ Дарын Құдайбергенов сынды дарынды жерлестеріміз Абай облысының намысын қорғайды.
Айтыс аясында өтетін жыр жәрмеңкесінің жеңімпаздары жобаның келесі кезеңіне жолдама алып, өнер бәсекесін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл – жасампаз дәстүрлі өнерге көрсетілген үлкен қолдау әрі таланттарға берілген зор мүмкіндік.
Айтыстың құрметті қонағы – ақын, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман.
Дәстүрлі өнердің дарабоздарына демеу болып, ұлттық рухты асқақтататын айтулы шарада жеңіске бірге жетейік! Абай елінде өтетін айтыс – елдік пен бірліктің, сөз қадірін ұлықтаған рухани мерекенің айқын көрінісі болмақ.