«Алаш мұрасы - ұрпаққа аманат» атты әдеби квест

«Алаш мұрасы - ұрпаққа аманат» атты әдеби квест

Семей қаласының мәдениет мекемелерінің қызметкерлері арасында «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне орай «Алаш мұрасы - ұрпаққа аманат» атты әдеби квест өтті, - деп хабарлайды  abaidan.kz.  Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Абайдың «Жиделі-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының бірлесе ұйымдастыруымен болған әдеби квестке 4 команда қатысты. Әдеби квесттің негізгі мақсаты Алаш автономиясының, Алашорда үкіметінің, «Алаш» партиясының идеяларын және елді тәуелсіздік мұратына ұйыстырған Алаш арыстарының мұраларын насихаттауға және Семей қаласының мәдениет ошақтарының өзара ынтымақтастығын, ұйымшылдығын, бірлігін дамыту.

Дәстүрлі өтетін әдеби квестке Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы, «Дариға-ай» жастар театры,  Семей қаласының мәдениет сарайы,  Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінен жасақталған топтар өзара мықтыны анықтады.

Іс-шара барысында олар Алаш арыстарының өлеңдері, көркем шығармаларының сюжеттері, олардың оқиғалары мен кейіпкерлері және «Алаш қозғалысы», «Алаш баспасөзі», «Алаш арыстары – М.Әуезов»  тақырыптарының төңірегінде тапсырмалары бар маршрут парағы бойынша әр бекетке өтіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Атап айтар болсақ, Әнияр бекеті, Көне Семей, Баспасөз  бекеті, Қозғалыс бекеті, Мұхтар Әуезов бекеті, Киелі мекен және поэзия бекеті.

Жарыс қорытындысы бойынша: Бас жүлдені «Дариға-ай» жастар театры жеңіп алса,  1-орынды облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы, 2-орынды Семей қаласының мәдениет сарайы иеленсе, 3-орынды Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінің тобы алды.  

Әдеби квест соңында жеңімпаздар дипломдармен  және  бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сөз соңында әділ-қазылар алқасы Алаш арыстары - М. Әуезов музейінде өткен әдеби квестті ұйымдастырушыларға бұдан әрі республикалық көлемде өткізуді ұсынды.


#Абай облысы, #мәдениет