ӘСКЕРИЛЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАН ТАБЫСТЫ ОРАЛДЫ.
Беларусь астанасы Минск қаласында 24-28 маусым аралығында ТМД мемлекеттері Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің арасында өткен ХVІ әскери – спорттық көпсайыстан чемпионат аяқталды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің спортшы әскери қызметшілері қатысып, бақтарын санады. Әскери – спорттық көпсайыстың басты мақсаты – әскери қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау.
Спортшылар 100 метрге жүгіру, 400 метр кедергілер жолағынан өту, 1 шақырымға жүгіру, сондай-ақ белтемірге тартылу мен Ф-1 гранатасын алыс қашықтыққа лақтыру сияқты бес пәннен сайысқа түсті.
Жеті әскери қызметшіден тұратын Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленді. Екінші орында – Өзбекстан командасы. Бірінші орынды Беларусь әскери қызметшілері жеңіп алды.
Қазақстан құрама командасы сапында Абай өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының әскери қызметшісі, аға сержант Меир Кутуев өнер көрсетті. Спартакияда барысында Меир белтемірге тартылу мен 400 метр кедергілер жолағынан өту сайысынан жақсы нәтиже көрсетіп, үздік үштіктен көрінді.
- Осындай сайысқа, өзге мемлекетке алғаш рет шығып отырмын. Спартакиядаға қатысқан әр мемлекеттің әскери спортшылары жоғары дайындықпен келген. Бізде барымызды салып, жақсы нәтиже көрсеттік. Дегенмен алға ұмтылатын жерлеріміз бен дайындықты әлі де шыңдауымыз керек. Алдағы жоспарым дене шынықтыру дайындығын күшейтетін боламын, - дейді Абай өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының әскери қызметшісі, аға сержант Меир Кутуев.
Айта кетейік, Абай өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының әскери қызметшісі Меир Кутуевті әріптестері теміржол бекетінен күтіп алып, қуанышымен бөлісті. Әскери полиция қызметкерлері Меирге алдағы уақытта болатын сайыстарға сәттілік тіледі.