Ертіске құлаған көлікте бір адам тірі қалған
Семейде көліктің Ертіс өзеніне құлап, суға батып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Абай облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Бастапқыда полиция оқиғаға көлікпен жарысу себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда, көліктен шығып үлгеріп, жалғыз аман қалған адамнан жауап алғаннан кейін, қайғылы жағдайға тежеуіш пен газ педальдарын шатастыру себеп болғаны анықталды.
"Полиция мәліметінше, оқиғаға көлік құралын басқару ережесінің бұзылуы себеп болған. Қайғылы жағдай тежеуіш пен газ педальдарын шатастырудан туындаған", – деп хабарлады Абай облысы ПД.
Көліктің ішінде төрт адам болғаны анықталды. Бір жігіт пен қыз көліктен шығып үлгерген, алайда қызды өзен ағысы алып кеткен. Кейінірек оның денесі оқиға орнынан шамамен 11 шақырым жерде, бірінші ықшам аудан маңынан табылған. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы әлі табылған жоқ, олардың іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
#Семей, #Оқыс оқиға, #Абай облысы, #Полиция