Сайлау 31 қаралымabaidan.kz

Айбек Ағыбаев сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Айбек Ағыбаев сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Бірмандаттық №14 сайлау округінен кандидат Ағыбаев Айбек Алтайұлы Семей қаласының тұрғындарына өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

«Сенімге адалдық – елге қызмет!» ұранын негізге алған кандидат өз бағдарламасында қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар басым бағыттарды атап өтті.

Атап айтқанда, қала көшелері мен аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын салу, білім беру ұйымдарының жағдайын жақсарту, жастарды қолдау және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету мәселелеріне басымдық берілген.

Сонымен қатар денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық бастамаларын қолдау да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Кандидат халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға, азаматтарды ашық қабылдауға, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын мәслихат отырыстарында көтеріп, депутаттық сауалдар жолдау арқылы өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.

Айбек Ағыбаевтың басты ұстанымы – ашықтық, адалдық және жауапкершілік. Оның айтуынша, депутаттық мандат – ең алдымен, халық алдындағы жауапкершілік. Сондықтан әрбір тұрғынның өтінішіне назар аударып, нақты нәтижеге қол жеткізу жолында жұмыс істеу маңызды.

№ 14 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Семей қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат  Айбек Алтайұлы  Ағыбаевтың сайлау қорынан төленді