Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Туризм 38 қаралымabaidan.kz

Абай ауданында туризмді жандандыру бағытында маңызды жобалар қолға алынуда

Абай ауданында туризмді жандандыру бағытында маңызды жобалар қолға алынуда

Өңірдегі туризмді дамыту және өлкеге келетін саяхатшылар тасқынын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар мен жаңа турмаршруттар іске асырылуда.

Аудан басшысының айтуынша, бұл бағытта ерекше серпін беретін екі ірі жоба бар. Оның бірі – республикалық деңгейде ұйымдастырылатын «Жеті қазына» спорт, мәдениет және туризм фестивалі, екіншісі – қараша-желтоқсан айларына жоспарланған «Салбұрын» құсбегілер сайысы. Аталған жобалар аясында арнайы турфирмалармен келісімдер жасалып, туристерді жүйелі түрде тарту жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірдегі басты тарихи-мәдени орталықтар – Қоңыр әулие үңгірі мен Жидебай бағытында да танымдық туризм қарқынды дамып келеді. Бүгінде мектеп оқушыларының Абай атамыздың өнер-білім жолын, ол өмір сүрген мекенді тек кітаптан оқып қана қоймай, өз көзімен көруіне жағдай жасалуда. Осы мақсатта Білім, Спорт және Туризм басқармаларымен бірлескен кезең-кезеңімен жүзеге асатын арнайы жоспар құрылып, өңірге келетін жастардың саны жылдан-жылға артып келеді.

- «Бұл екі шара да өңірдегі туризмді дамытуға үлкен серпін береді. Арнайы турфирмалармен келісе отырып, туристерді тартуды кезең-кезеңмен жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, оқушылардың Абай атамыздың өмір сүрген мекенін өз көзімен көруі үшін тиісті басқармалармен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізудеміз», – деді Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов.