Ел болашағына егілген үміт дәні: «Halyk орманы» жобасының алғашқы кезеңі басталды

Ел болашағына егілген үміт дәні: «Halyk орманы» жобасының алғашқы кезеңі басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» деп атап өткен болатын. Осы мақсатқа сай, Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қолдауымен табиғатты қорғауға бағытталған «Halyk орманы» жобасы алғашқы қадамын басты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Биыл 16 қыркүйекте Halyk қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Жобаға 1 млрд теңге бөлініп, 5 жыл ішінде Абай облысы, Іле Алатауы және «Жасыл аймақта» орман алқаптары қалпына келтіріліп, 4 миллионнан астам қарағай көшеті отырғызылады. Нәтижесінде мыңдаған гектар жер жасыл желекке оранып, елдің экологиялық ахуалы жақсара түспек.

Алғашқы кезең Абай облысындағы «Семей орманында» бастау алды. 2023 жылы алапат өрттен зардап шеккен бұл өңірді қайта жасыл желекке айналдыру – жобаның басты мақсатының бірі. Биыл күзде 200 гектарға 810 мың қарағай көшеті отырғызылып, табиғатқа жаңа тыныс берілді. Осынау игі іске 1000-нан аса ерікті атсалысып, туған жерге деген сүйіспеншілігін еңбегімен дәлелдеді.

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры  Қазбек Аметов  орманның өркендеуіне атсалысып жатқандарға алғыс айтты. 

«Семей орманы» аумағында табиғатты қорғауға үлес қосып жүргендерді көргенімізге қуаныштымыз. Қол ұшын беріп, көмектесуге ниет білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Министрлік пен Қор арасындағы келісім аясында «Halykорманы» жобасы жүзеге асырылып, Абай облысындағы мың гектардан аса аумақта орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл сайын шамамен 200 гектар жерге жаңа көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, филиалдарда тұқымдарды өсіріп, көшетке айналдыру және орман шаруашылығын реконструкциялау бағытында инвестициялық қолдау көрсетіліп жатыр. «Семей орманы» ұжымы атынан баршаңызға шын жүректен алғыс білдіреміз.  Орманды қалпына келтіру – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз деп білеміз. Орманымыз жайқалып өсіп, табиғаты көркейе берсін!» - деді ол.

Ал Halyk қорының директоры Сағынбек Шүңкеев жобаның Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысына қосатын сүбелі үлесі туралы айтты. 

«Бұл 4 миллион көшет жай сан емес. Әрбір ағаш – болашаққа аманат, халқымыздың табиғатқа деген шынайы ықыласы. Мыңдаған еріктінің атсалысуы – табиғатқа жанашырлығының айғағы. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін», – деді ол.

Айта кетейік, «Halyk орманы» – қордың жүйелі экологиялық бастамаларының заңды жалғасы. Бұған дейін 2025 жылы көктемде іске қосылған «GreenAct» экочелленджі қоғамда үлкен қолдау тауып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларына жол ашқан еді. Бұл жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.


#Экология, #Абай облысы, #табиғатты қорғау, #Семей орманы