Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба іске асуда
Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында инфрақұрылым саласындағы ең өзекті мәселелерді шешуге ерекше мән берген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін энергетика және коммуналдық секторды кешенді түрде жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба қабылданып, бүгінде іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Мейір Мәдиев мәлімдеді.

– Ұлттық жоба аясында инженерлік желілердің тозуын азайту, апаттарды төмендету, жаңа генерация көздерін салу және қолданыстағыларын жаңғырту көзделген. Нәтижесінде ел бойынша апаттар саны 20 %-ға қысқарып, энергетикалық және коммуналдық жүйелердің тозуы орта есеппен 40 %-ға дейін төмендейді, – деді Мейір Мәдиев.
Заңнамаға енгізілген түзетулер табиғи монополиялар субъектілеріне қарыз қаражатын тартуға, оны тариф арқылы қайтаруға кепілдік береді. Сонымен қатар қаржыландыру мен субсидиялау тетіктері қарастырылған.
– Қазіргі таңда Абай облысында 39 коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополия субъектісі тіркелген. Олардың жұмысына қатысты мәліметтер комитеттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып отырады. Бұған қоса жыл сайын БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен баспасөз турлары ұйымдастырылып, инвестициялық жобалардың орындалу барысы түсіндіріледі, – деп атап өтті департамент басшысы.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істеп, өндіріс көлемін арттырады.

– Жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақстанның Даму Банкі», халықаралық қаржы ұйымдары және екінші деңгейлі банктер арқылы тікелей қаржыландыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі бар. Бұл тәсіл ішкі өндірісті дамытуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға жол ашады, – деді Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Қорабаев.